От–Ару

Posted: Мамыр 11, 2010 in Мистикалық шығармалар

This slideshow requires JavaScript.

       Ол өзінің қып-қызыл жалынға соншалықты неге құштар екендігін біле алмай-ақ қойды. Тек ен далада лаулап жатқан от болса деп тілейтін. Бірде түн ортасы ауа көрші ауылдан келе жатып, өз ауылына қарай асатын кеңмойнақтың үстінен лапылдап жанып жатқан отты көрді. Әлдебір тылсым күш еріксіз оны сол отқа қарай дедектетіп ала жөнелді. Таяй бере лаулаған от алдындағы шоқ жыңғылдың тасасында қалды. Ол жыңғылды айналып өткенде жаңа ғана көз алдында лаулаған от ізім-ғайып жоқ болып кетті. Көз мөлшерімен манағы оттың жанып тұрған орнына барды. Ауаны жалынның жылы лебі кернеп тұр. Соншалықты құштарлықпен жеткенде жоқ болғанына іші удай ашыған ол от орнындағы жылы күлдің үстіне жалп етіп отыра кетті. Жанына жайлы бір шуақ ескендей болды. Ілезімде күлге жантайып жатып көзі ілініп кетті. Сұмдық өзі лаулаған өрттің ішінде жүр екен дейді. Жоқ, жер әлем бірақ өртке оранған іспетті. Бірақ денесінің еш жерін күйік шалмайды, қайта барынша сергек сықылды. Қарсы алдынан жалын кірпік, от көзді ару кезікті. Баяғыдан танитын танысы сықылды.
– Сүйіктім менің, сонша сағындырдың ғой, – деді қыз оның мойнына асылып тұрып. Қапелемде ол ешнәрсе айта алмай қалды.
– Не болды жаным, мені ұмытқансың ба, мен От аруымын ғой? – қыз сәл бұртиды.
Ол есіне еш нәрсе түсіре алған жоқ.
– Иә, одан бері қай заман. Жердің өзі жетіге бөлініп кетпеді ме… қыздың соңғы сөздері естілген жоқ.
Ол оянғанда таң сызып атып қалған еді. Жайлы жар төсегінен тұрғандай тамаша күй кешкен ол өз-өзіне сене алмай ауылға қарай аяңдады.
Содан бастап әр кеш кеңмойнаққа түнейтін болды. Бірақ отты ұстай алмай жүрді. Бірде ауылды кезіп жүретін есалаң шалдан:
– Ей, жынды шал, маған отты қалай ұстайтытын айтсаң мен саған арқан беремін… – деді кетіп бара жатқан шалдың жолын кесіп.
– Арқан… Арқан… қара ала ма… айтам.. қазір айтам, сары ала пышақты лақтырсаң сол пышақтан шығып ешқайда кете алмайды. Арқан кәне арқан?.. – шал тоқтар емес, шыр айналып жүр. Ол қораның түбінде жатқан атасының ала арқанын жынды шалға ұстата салды да, үйге кіріп әжесінің сандығындағы арғы аталарынан қалған сармойнақ пышақты алды да кеңмойнаққа қарай тартты. Оттың жанатын жеріндегі жыңғылдың түбінде түн болғанын асыға күтті. Ақыры түн ортасы ауа от та жанды лаулап. Аңдып отырған жігіт пышақты дәлдеп тұрып оттың ортасына қарай лақтырып қалды. Пышақ межелі жерге дәл түсті. Шыңғырған қыздың даусы шықты.
Жігіт лаулаған оттың ішінен өзінің түсінде көретін от аруын көрді. Отқа қойып кетпекке ұмтылып еді:
– Жақындама жаным, жазым боласың. Өртеніп кетесің, кет, әрмен кет, – деген қыздың даусына сәл тосылып қалды.
– Жоқ, мен өртенбеймін, түсімде көргенмін жаным сені, қанша аңсадым… осы күнді қанша күттім… Жігіт өзін отқа бірақ атты.
Қыз бен жігіттің құлында-құлын даусы шығып жанұшыра шыңғырған дауыстарын кеңмойнақтың екі жағындағы ауыл да естіді. Сыртқа шыққан олар жотадан лаулаған оттың көз жеткізіксіз аспанға созылып жатқанын көріп аң- таң қалысты. Бірақ ешкім де жақын баруға батпады. Тек таң атқан соң ғана мойнаққа келгендер оттың орнынан жалқы сармойнақ пышақты тауып алды, сабының аз жерін ғана күйік шалған екен.

Advertisements
Пікірлер
  1. Нури айтады:

    кең далада жүругеде қорқатын болдыққо енді Қойшеке !

Пікір қалдыру

Fill in your details below or click an icon to log in:

WordPress.com Logo

You are commenting using your WordPress.com account. Log Out /  Өзгерту )

Google photo

You are commenting using your Google account. Log Out /  Өзгерту )

Twitter picture

You are commenting using your Twitter account. Log Out /  Өзгерту )

Facebook photo

You are commenting using your Facebook account. Log Out /  Өзгерту )

Connecting to %s